72
626 days ago
Әйел адам махрамынсыз қажылыққа баруына бола ма? (Жұлдыз)
– Ислам шариғатында әйел адамның жалғыз жолға шығуына болмайды. Міндетті түрде жанында күйеуі немесе махрамынан (өзімен некелесуі харам етілген жақын туыстары) бір кісі болуы тиіс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһқа және ақирет күніне сенетін әйел бір күн, бір түн махрамсыз жолға шығуына рұқсат етілмейді»[1],-деп қатаң ескерткен. Ибн Омардан (р.а.) жеткен басқа бір хадисте: «Әйел махрамынсыз үш түннен артық жолға шықпасын»[2],-деп кесіп айтқан.
Бұл хадистердің бәрі де әйелдің ар-намысын қорғау мақсатында, жолда кездесетін әртүрлі келеңсіздіктерге қарсы тұрарлық шамасы жете бермейтіндіктен, жамандықтың алдын алу үшін айтылған. Алайда, әйел өзіне серік боларлық махрам таба алмаса ханафи ғалымдары қажылыққа баруына болмайды деп пәтуә берген. Ал, заманауи фиқһ ғалымдары қазіргі таңда адам жолды торуылдап тұратын қарақшылардан, қандай да бір көлденеңнен келетін келеңсіз жағдайлардан сақтандырылғандықтан және жанында өзімен бірге сенімді, салиқалы әйелдер болса жалғыз баруына болады деген пікірде. Сонымен қатар бұрынғы кездегідей түйемен емес, ұшақпен ғана баратындығы себепті қарақшылар, бұзақылар әйелге зиян келтіреді дейтіндей аса қауіп те жоқ[3]. Ендеше, әйел кісі Меккедегі Аллаһтың үйіне барып, қажылық міндетін өтеуге шамасы, күш-қуаты жетсе, алайда жанында махрамы болмаса, онда сенімді, салиқалы мүмін әйелдермен бірге баруына болады.
Қанат Нұрмаханұлы
ҚМДБ-ның қажылық және сараптама
бөлімінің қызметкері

0 Comments
Realtime comments disabled