122
626 days ago
Жүніп болған күйде қайтыс болу мен иманды болуды шатастырмаған жөн. Жүніп болған адамның намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу секілді ғибадаттарды орындау үшін ғұсыл алуы шарт. Ғұсылы болмаса, бұл ғибадаттардың ешқайсысы дұрыс болмайды. Ал, жүніп болған күйде көз жұмған адамның жүрегінде иманы болса, ол иманды болып саналады. Бұл мәселеге қатысты үйленгеніне бір күн де өтпей, жүніп күйде Ухуд соғысында шейіт болып, періштелердің марапатына бөленіп, Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) разылығын алған Ханзаланың оқиғасы тура келсе керек. Соғыстан кейін Ханзаланың әйелі Пайғамбарымыздан: - «Уа, Аллаһтың Елшісі! Ханзала қайда?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ханзала шейіт болды», – дейді. Сол кезде Ханзаланың әйелі: - «Уа, Расулаллаһ! Күйеуім таң ата ғұсыл дәретін алып үлгерместен соғысқа аттанып кеткен еді. Енді рұқсат етсеңіз, күйеуімді жуғызып көмсек», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен Ханзаланы уайымдама! Көктің бірінші қабатындағы періштелер оны рақым суымен жуып шайғанын көрдім», - деп үлкен сүйінші хабар айтады. Бұл оқиғадан кейін халық Ханзаланы «Ғасилул-мәлаика» («Періштелер жуған Ханзала») деп еске алатын болды.

0 Comments
Realtime comments disabled