91
636 days ago
Қазақ қоғамы қазір «орамалдың» дауымен әлек. Ары тарт та, бері тарт түсінік қалыптасты. Тіпті бәз бір ағайындар қазақ әйелі оранып жүрмеген, ашық-шашық еркін өмір сүрген, орамал салу араб халқының салты, ұлтымызға жаны ашымайтындар қазақты арабтандырғалы жатыр… т.б. Осы мәтіндес сөздерді қарша боратуда. Қызды-қыздымен тәуелсіз газет-журнал, веб-сайттар «қораға келген төбелестен құр қалмайық» дегендей білек сыбанып кірісіп кетті. Қысқасы, қазір қазақтың қыз-келіншектері «орамал тартқаны дұрыс» немесе «дұрыс емес» дейтін екіұдай көзқарас қалыптасты.
Кейбір даурықпалар: «Бұрын қазақ қыздары күйеуге шықпай басына жаулық салмаған» дейді. Жаулық салмауы мүмкін бірақ шашы дудырып жалаң бас жүрмегені анық. Атам қазақ: «Есті қыз етегін қымтайды, ақылды қыз арын сақтайды», «Қызға қырық үйден тию» дегенді босқа айтпаған болар. Осыдан-ақ қазақтың қызы алқам-салқам жүрмегенін аңғару қиын емес.
Бір қызығы, қазіргі қыздар: кеудесі мен кіндігін ашып, бөксесін көрсетіп, ойына не келсе, соны істеп жүрсе де оларға «қыңқ» демейміз: «ұлтты жоятын болды, басқа болып кететін болды, ұлттық ар-намысымызды таптады…» деп өлсек те айтпаймыз. Орамал салып, басына жаулық жапқан қыз-келіншектерді көргенде «бұл не боп барады» деп ышқынып шыға келеміз. Бұл не сонда?!
Бұл сыртқы күштердің қазақты бітпес дауға итермелеп, бөлшектеу үшін жасап отырған әрекеті. Кейінгі кезде осы орамал мәселесін саясатқа айналдырып жүргендер бар. Бұқара халықтың назарын осы сияқты ұсақ-түйек нәрсеге аудару арқылы, пайда табу ежелден келе жатқан дұшпандық тәсіл. Оған біреулер анда-санда отқа май құйып қояды.
Әйел затының ұзын киім киюі, басына орамал салуы исламнан басқа діндерде де бар. Мысалы, еврей хахамы Менахем М.Брейер раввиндердің ерте заманда ұстанған үкімі жайлы жазады. Онда: «Еврей әйелдеріне орамалсыз жүру жараспайды… Әйелдеріне орамал салмай жүруге рұқсат еткен ерлерді қарғыс атсын… Еркектерге ұнау үшін басын ашып жүрген әйел жоқшылық әкеледі…» деген сияқты жолдар бар. Қысқасы, көне иудей дінінде – басы жалаңаш әйелдің қасында жасаған дұға қабыл болмайды, дейді. Ертеде исрайл қауымы зинашы әйелдерге ғана орамал тақтырмайтын заң болған.
Ал, католик дінінде әйелдердің басына орамал салып жүруін міндеттейтін бап бар. Христиан дінінің көп ағымдары әйелдерге орамал тағып жүруді талап етуде. Бұлардың Тертуллиян атты ғалымы: «Әйелдер көшеде жүргенде бастарыңды ашық ұстамаңдар!» дейтін үкім жазбасын дүниежүзіне таратып жатыр. Ислам шариғатында әйелді ашық- шашық жүрмеуге бұйыруы, оларды қорлау емес, қайта абыройын қорғау үшін берілген үкім.
Әйелдің толық оранып жүруі физиологиялық тұрғыдан да пайдалы. Медицина ғылымдарының докторы Қарлығаш Тоғызбаеваның зерттеуіне қарағанда, ашық- шашық жүрген әйел өзіне қажет емес артық қуат жинайды да, еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болып, ағзаның гормональды бұзылуына соқтырады, нәтижесінде қатерлі ісік т.б. ауруларға жол ашады, екен.
Медицина ғылымының докторы Ерболат Дәленовтің зерттеуі бойынша: жаздың күні жалаңбас жүріп, күнге қатты күйіп, ыстық өткен адам қатерлі тері ауруларына тез шалдығады екен. Және жас қыздарымыздың 16-32 пайызында жұмыртқа бездерінің ақауы пайда болған. Бұны медицина тілінде «киста» дейді. Жұмыртқа бездерінің ішінде дистрофиялық процестің түзілуі. Бұл – келешекте бедеулікке ұрындырады деген сөз. Бұл дерт – қыздарымыздың кіндігін ашып тастап, арқа- белін жалаңаштап, салқын күндері басын ашық ұстаудан пайда болады. Бұлай жалаңаштану қыздарымызды келешекте жаппай бедеулігіне апаратын түрі бар. Гинеколог мамандар жастайынан ашық- шашық жүрген әйел көп бала табуға қауқарсыз, дегенді айтып жатыр. Баяғыдағы оншақты құрсақ көтеретін аналарымыз бүгін неге жоқ. Мәселе, осы жалаңаштануда жатқан сияқты.
Қазіргі таңда кіндікті ашу, ышқыры төмен шалбар мен қысқа жейде (топик) кию қыздардың сәніне айналды. Чукрова университеті, медицина факультеті, урология бөлімінің профессоры, әйгілі түрік дәрігері Синан Зереннің айтуынша, мұндай киімдер адамның ішкі ағзалары – бүйрек, бауыр, зәр жолдарының сырқаттануына және әйелдердің гинекологиялық әртүрлі ауруларға шалдығуына апарып соғады. Сондай-ақ, түрік ғалымы мұндай келеңсіздіктердің жастар арасында сағат санап өсіп бара жатқандығын, оны жедел уақыт ішінде ауыздықтау керек екендігін алға тартады.
Біздің ата-бабаларымыз жалаңаш әйелден келетін қатерді жақсы білген. Әрі шариғат үкіміне сай дәстүр қалыптастырған. Орамал тартқан әйелде қайыр бар, дейді қазақ. Әйеліне орамал тартқызып, жабық киінуге бұйырған еркек шын мәнінде әйеліне жаны ашитын адам. Дана халқымыз «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дегеніндей, адам баласы ұятты жерлерін жасырып, абыройын қорғаумен ғана адамдық санатын сақтамақ. Олай болса киім дегеніміз – ұят пен абыройдың қалқаны. Елімізде Исламның етек жаюымен бірге ұятты жерлерді жауып жүретін ұзын көйлектер мен ұзын шапандарға, орауға еркін жететін кең жаулықтарға сұраныс күннен күнге арта түсті. Осы орайда ата дінін қайта тапқан қаракөз әкпе-қарындастарымыз өздеріне лайық, ықшамды да көрікті, үйлесімді ұлттық үлгідегі киімдерді таппай, шарасыздан хижаб киюге мәжбүр болды. Олардың ойы басқа ұлт болу емес, әуелі Алланың үкімін, екінші Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетін, үшінші халқымыздың ежелден сақтап келе жатқан салтын орындап жүр.
Қысқасы, Алласын танып, өздігінен ұятын жапқан, тәубасына келген, шындықтың не, жалғанның не екенін білген, дәретсіз жер баспаудың, дәретсіз бала емізбеудің жолын тапқан, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, орамал тағып, жабық киінген қыз-келіншектерімізді құрметтеп, үлгі етуміз керек. Оларды өзекке тепсек біз қайтіп ел боламыз?

0 Comments
Realtime comments disabled